Бүгін Академияның Түркістан облысы бойынша филиалы жанынан құрылған «Мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын дамыту орталығында» жергілікті және аумақтық атқарушы органдардың Персоналды басқару қызметінің мамандарына арналған «Адам ресурстарын басқару және құзыреттерді дамыту» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуде Филиал директоры Айнур Маратқызы Идрисова алғысөз сөйлеп, кадр қызметкерлерін мемлекеттік қызметшілерді оқытудағы жаңа күнтізбелік жылдың басталуымен құттықтады.
Келесі сөз алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Дархан Әшірханұлы Суртеков «Мемлекеттік қызметшілердің қайта даярлау курстары мен біліктілігін арттыру семинарларын әзірлеу және ұйымдастыру қағидаларына» тоқталып, мемлекеттік қызметшілерді атқаратын қызметіне сәйкес біліктілікті арттыру семинарларына жолдауларын ерекше назарға алуды айтты.
Сондай-ақ, кездесуде Академияның магистратура және докторантура бадарламалары бойынша оқудың артықшылықтары туралы презентация жасалып, персоналды басқару саласының мамандарына мемлекеттік қызметшілерді оқуға тапсыруға алдын-ала бағыт-бағдар беру маңыздылығы айтылды.
Іс-шараның екінші бөлігінде Академияның Адам ресурстарын басқару институты Құзыреттерді бағалау секторының меңгерушісі Әлия Еркінқызы Дауешова өңірлік кадр резервін жасақтау, мемлекеттік қызметтегі талант-менеджмент пен персоналды басқарудағы құзыреттіліктерді бағалау бойынша дәріс-тренинг өтті.
Кездесу соңы қатысушылармен еркін пікір алмасумен жалғасып, Филиал мен мемлекеттік органдар арасындағы жұмыстардың 2023 жылғы қорытындысына орай персоналды басқару саласының мамандарына арнайы номинациялық марапаттар табысталды.