Жаңалықтар

«Мемлекеттік қызмет» музейі ашылды

Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл ресми іссапармен Түркістан облысына келді

Іссапар барысында ректор,  Академияның Түркістан облысы бойынша филиалының қызметкерлерімен кездесіп, «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысына қатысты. Кездесуде  Абай өсиетіндегі адал азамат ұғымы мен «толық адам» тұжырымасының маңыздылығы туралы ой қозғап, жас мемлекеттік қызметшілер мен тәлімгерлер арасындағы өзара түсіністік пен кәсіби сабақтастықтың болу маңыздылығы жайлы айтты.

Осыдан кейін іссапар барысы Академия филиалы жанынан құрылған «Мемлекеттік қызмет мұражайының» ашылу салтанатымен жалғасты. Мұражайда мемлекеттік қызметшілердің бұрын қолданған кеңсе құрал-жабдықтарынан жұмыс кабинеті көрсетіліп, облысты басқарған әкімдер жайлы ақпараттар берілген. 

Іссапар бағдарламасына сәйкес  Түркістан облысы әкім аппаратының мемлекеттік қызметшілерімен «Өңірлік кадрлық саясаты» бойынша кездесу өтті.

 Кездесуде ректор Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу барысы мен Академияның магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. 

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің арнайы шақыртуымен «Тағылымы мол жүздесу» атты кездесуге қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.